«Жас сақшы» сыныбы ашылды
Бүгін – Академия үшін аса маңызды әрі тағылымы терең күн.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы Қостанай қаласы білім бөлімінің физика-математикалық лицейімен бірлесіп, «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімін өткізді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық сезімді ояту, тәртіп пен жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ жастардың құқық қорғау органдары қызметіне деген қызығушылығын арттыру.
Салтанатты іс-шараға Академия бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Сейділдәұлы Ахметов, Дархан Базарбаевтың ата-анасы, жұбайы, туыстары, мектеп әкімшілігі қатысты. Қатысушылар жас сақшыларды жаңа бастаманың ашылуымен құттықтады.
Іс-шара барысында полиция полковнигі Е. Ахметов өз сөзінде: «Бұл – Академияның жаңа жобалары аясындағы нық қадамы. «Жас сақшы» сыныбы оқушыларға құқық негіздерін терең меңгеруге, полиция қызметінің ерекшеліктерімен жан-жақты танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл күннің таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы күні қызметтік міндетін адал атқару барысында ерлікпен қаза тапқан әріптесіміз Дархан Базарбаевты еске аламыз. Ол – қоғам тыныштығы үшін аянбай қызмет еткен нағыз патриот. Жаңа ашылып отырған сынып пен кабинет оның жарқын рухына, ел алдындағы адал еңбегіне деген құрметтің белгісі», – деп атап өтті.
«Жас сақшы» сыныбы – жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, тәртіп пен білімді қатар ұштастыратын маңызды жоба. Бұл бастама оқушыларды өмірге бейімдеп, қоғамға пайдалы, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына зор үлес қосады деп сенеміз.

