Меню
1414 Call-Центр
+7 (777) 659-17-36 Телефон доверия
Приемная комиссия +7 700-482-74-14

Қазақстан полициясының 25 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңына орай ұйымдастырылған жыл сайынғы «Парасатты полицей» республикалық байқауына іріктеу туры 27 сәуірде өтті. Байқаудың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру және мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, сондай-ақ ішкі істер органдарында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл мерейін арттыру болды. Аталған мақсаттың үдесінен шығу үшін «Ел қорғандары»  (Жетекшісі – Жандарбекова Г.Б.), «Академия қырандары» (Жетекшісі – Құлжанова Г.Т.), «Мирас» (Жетекшісі – Өтегенов Е.Т.), «Академия КZ» (Жетекшісі – Қожабаева Г.Т.) командалары өзара сынға түсті.

Байқауға, төрағасы – Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Төлегенұлы Каппасов, мүшелері – Қостанай облысының «ГрИн» Азаматтық Альянсының жетекшісі Динара Қайырбайқызы Өтебаева, Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Кенжеғали Әмірғалиұлы Бимағанбетов, «Тілдарын» оқыту орталығының оқытушысы Айткүл Масақбайқызы Доспанова, «Хабар-24» республикалық арнасының тілшісі, талантты ақын Абылай Фазылханұлы Маудановтан құрылған топ қазылық жасады.

«Сақшыдан сәлем» деп аталатын алғашқы айналымда әр команда өздерінің атауы, ұраны, мақсат-міндеттерін айтып, өздерін таныстырды. «Ел қорғандары» командасы алғашқылардың бірі болып, сахнаға қазақ халқының  атақты  билері: Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің образдарын сомдап шығарса, «Академия қырандары» заманауи билерін, «Мирас»  командасы  Қазақ Ордасының ханы - Абылай ханды ұсынды, ал «Академия КZ» командасы қызықты бейнеролигімен шықты. Командалар шығармашылық ойларымен, ізденістерімен, ерекшелігімен өздерін таныстыра білді.

Келесі «Жамбы ату» айналымында командалардың капитандары шығып, қызықты, ұтқыр әзілдерін ортаға салды. Әсіресе, әзіл бәйгенің финалына шыққан полиция майоры Баймаганов Теміржан мен полиция аға лейтенанты Тұрсымбаева Назгүлдің әзілдері көрермендердің көңілінен шықты. Әділқазылардың ортақ шешімімен Тұрсымбаева Назгүл жеңімпаз деп танылды.

«Сегіз қырлы бір сырлы» үй тапсырмасында командалар полиция қызметінің ерекшеліктеріне қатысты ән, өлең шығарып, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру үшін өз ой-толғамдарын ықшам әрі қызықты сахналық көріністерімен бейнеледі. Атап айтсақ, «Ел қорғандары» командасы полицияның даму тарихын кезең-кезеңмен көрсетіп, әсіресе Шырақбек Қабылбаевтың  образын шебер көрсетті. «Мирас»  командасы ішімдікке салынған отбасының трагедиясын көрсетіп, соңы полиция қызметкерінің көмегімен үлгілі отбасына айналғанын көрермен қуана қарсы алса, «Академия КZ» командасындағы Ұлы Отан соғысының ардагер-мүгедегінің монологі көрермендердің көңілдерін босатса, «Академия қырандары» Академия өмірінен қызықты оқиғаларды жақсы көрсете білді.

Жалпы байқау қорытындысы бойынша «Парасатты полицей» байқауында «Ұйымшыл команда» номинациясына «Академия қырандары»  командасы, «Көрермен көзайымы» номинациясына «Академия КZ» командасы, «Өнерлі команда» номинациясына «Ел қорғандары» командасы лайық деп танылды, ал «Тілегі мен тілі бір» номинациясы полиция майоры Мухлыгина Татьяна Викторовнаға тапсырылды.

Дүбірлі доданы жарып шығып, «Бас жүлдені» қанжығасына байлаған үздік топ ретінде –  «Мирас» командасы танылды.

Қызметкерлер арасында өткен байқауды қорытындылаған Академия бастығы, полиция полковнигі Мирлан Ахмедияұлы Қызылов: «Бүгінгі байқау біздің қызметкерлеріміздің нағыз талант иелері екенін, мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгергендерін, бір сөзбен айтқанда, парасатты полицей қандай болу керектігін көрсете білді. Бәрімізге жақсы көңіл-күй сыйлады. Мынадай «сегіз қырлы, бір сырлы» әріптестеріміз барда, біз өзімізді – парасатты полицейлерміз, – деп нық сеніммен айта аламыз» деді.

Біз де өз атымыздан барлық қатысушыларға, оларға жанкүйер болып, барынша қолдау көрсеткен көрермендерге шын жүректен алғыс білдіреміз. Үлкен дайындықпен келген 4 команданың әрқайсысы да жеңімпаз болуға лайықты-ақ.

 

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы

Қ.С. Елмұратов

2 мая 2017 г., 11:13:35