Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988 жж.)- Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. 1924ж.19.10. Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 1942ж. әскерге алынып, 1944ж. қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін тәмамдап, кіші лейтенант шені берілді. 1944ж. I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге- соңғы сулы бөгетке және Король алаңына-«Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті.
2024 ж. 06 мам., 06:22:11